Донорлықты насихаттауға бағытталған алғашқы қайырымды қадам!
Жақында Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығының еріктілер қатары жаңа
ерікті – Егорова Александра Андреевнамен толықты.
Ерікті бола салысымен Александра бірден іске кірісті. Донорлық туралы
алғашқы ақпараттық кездесуін Серебрянск қаласындағы «Серебрянск» ПИК басқарма
мүшелерінің жиналысында өткізді. Кездесу барысында ол өтеусіз донорлықтың
маңыздылығы, кімнің донор бола алатыны, тұрақты түрде қан тапсырудың
қажеттілігі туралы айтып, сондай-ақ көп жылдан бергі донор ретіндегі жеке
тәжірибесімен бөлісті.
Осындай кездесулер адамдарға қан донорлығы туралы көбірек мәлімет алуға,
қалыптасқан жаңсақ пікірлерді жоюға және игі істер жасауға шабыт береді. Бұл –
Александраның игі бастамаларының бастауы ғана. Алда оны Серебрянск қаласының
тұрғындарымен өтетін тағы да көптеген мазмұнды кездесулер күтіп тұрғанына
сенімдіміз.
Александра Андреевнаға бастамашылдығы, белсенді азаматтық ұстанымы және
адамдарға шынайы көмек көрсетуге деген ықыласы үшін алғысымызды білдіреміз.
Осындай еріктілердің арқасында донорлық қозғалыс нығайып, құтқарылған өмір
саны арта түседі.


