Донорлық жүректерді біріктіреді: ШҚО-да Дүниежүзілік қан доноры күні атап өтілді

Донорлық жүректерді біріктіреді: ШҚО-да Дүниежүзілік қан доноры күні атап өтілді

Бүгін, 2026 жылғы 12 маусымда, Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығында мейірімділік, жанашырлық және адамдарға риясыз көмек көрсету мерекесі саналатын Дүниежүзілік қан доноры күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Бұл күн күн сайын өзінің ізгі ісімен үміт сыйлап, адам өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүрген жандарды біріктіріп, өз денсаулығы мен әл-ауқаты үшін емес, өзгелердің өмірі мен саулығы үшін өздерінің бір бөлшегімен ерікті әрі өтеусіз бөлісетін үлкен жүректі донорларға шынайы алғыс білдіруге арналды.
Салтанатты шараны Абай атындағы Шығыс Қазақстан жоғары педагогикалық колледжінің студент-еріктілері дайындаған жарқын әрі әсерлі «Рақмет саған, донор!» флешмобы ашты. Олардың өнер көрсетуі қан және оның компоненттерінің барлық донорларына деген құрмет пен ризашылықтың айқын белгісіне айналды.
Мерекенің ерекше сәттерінің бірі – өтеусіз қан донорлығын дамытуға елеулі үлес қосқан донорларды марапаттау рәсімі болды. Бұл күні 40-тан астам өтеусіз донация жасаған қан және оның компоненттерінің 31 доноры ақшалай сертификаттармен марапатталды. Әрбір донацияның артында құтқарылған өмірлер, пациенттерге көрсетілген қолдау және үлкен азаматтық жауапкершілік тұр. Олардың үлгісі айналасындағыларға шабыт беріп, жақсылықтың әлемді өзгерте алатынын дәлелдейді.
Іс-шара өткен күні Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығына қан тапсыру үшін 100-ден астам адам жүгінді. Мұндай жоғары белсенділік ерікті өтеусіз донорлық идеясының өңір тұрғындары арасында кең қолдау тауып отырғанының жарқын дәлелі болды.
Мерекелік көңіл-күйді қонақтарға Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Абай атындағы Шығыс Қазақстан жоғары педагогикалық колледжінің студенттері сыйлады. Іс-шара барысында «Сағыныш» тобы халық аспаптарында попурри мен музыкалық шығармаларды орындап, көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерді шырқап, залды жылулық пен ерекше әсерге бөледі. Студенттер әсем би нөмірлері мен вокалдық қойылымдарын ұсынып, қатысушыларға жарқын эмоциялар мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұл күні барлық донорларды донациядан кейін Шығыс Қазақстан облыстық Қызыл Ай қоғамы филиалының қолдауымен ұйымдастырылған мерекелік дастархан күтті. Серіктестеріміздің қамқорлығы мен ықыласының арқасында мереке шынайы жылы, қонақжай әрі есте қаларлықтай өтті.
Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығы әрбір донорға бейжай қарамайтындығы, жауапкершілігі және көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға әрдайым дайын екендігі үшін зор алғысын білдіреді. Сіздердің арқаларыңызда күн сайын адам өмірі сақталып, денсаулық қалпына келіп, адамзаттың мейірімділігіне деген сенім нығая түсуде.
Сонымен қатар, донорлық акциямыз бен мерекелік іс-шарамыздың өткізілуі қан орталығының әлеуметтік серіктестері мен достарының қолдауының арқасында мүмкін болғанын ерекше атап өткіміз келеді. Донорларымыз үшін бұл күнді ерекше етуге көмектескен адамдар мен ұйымдар туралы алдағы жеке жарияланымымызда міндетті түрде баяндаймыз.
Осы айтулы күнді бізбен бірге бөліскен баршаңызға шын жүректен алғыс айтамыз! Ерікті өтеусіз қан донорларының қатары артып, донорлықтың ізгі миссиясы барған сайын көп адамды біріктіре берсін!

Донорларды шақырамыз C O (I) Rh теріс және А (II) Rh теріс қан тобы донацияғаҚұрметті Сабралимов Ерлан Сейлгазинович!

БАЙЛАНЫСТАР

070016, Қазақстан Республикасы,
Шығыс Қазақстан облысы,
Өскемен қаласы,
Көкжал Барақ к-сі, 11 – үй
Телефон: 8 (7232) 70-44-00
Факс: 8 (7232) 70-44-33