Көпжылдық тәжірибесі, жоғары кәсібилігі және өз ісіне деген адалдығының арқасында Ольга Викторовна Лаушкина, «Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығы» ШЖҚ КМК зертханашы-фельдшері, әріптестерінің зор құрметіне ие болған маман
Ольга Викторовна 1993 жылы Өскемен медициналық училищесін «Зертханалық диагностика» мамандығы бойынша бітіріп, ал 2000 жылы «Психология және әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша жоғары білім алды.
Ольга Викторовна еңбек жолын 2001 жылы Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығының қан және оның компоненттерін дайындау бөлімінде бастады. Бұл бөлімде ол донорлық қаннан қан компоненттерін өндіру үдерісіне тікелей қатысып, барлық технологиялық процестердің нормативтік талаптарға қатаң сәйкестікте орындалуын қамтамасыз етті. Сол кездің өзінде-ақ Ольга Викторовна өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін әрдайым бірінші орынға қоятын жауапты әрі ұқыпты маман ретінде танылды.
2006 жылдан 2018 жылға дейін иммунологиялық бөлімде жұмыс істеді. Көп жылдар бойы донорлық қанның қан тобын және резус-тиістілігін анықтау жұмыстарын жүргізді. Кейін клиникалық-биохимиялық зертханада қызмет атқарып, қан тобын және резус-факторды анықтау, гемоглобин деңгейін, АЛТ белсенділігін, жалпы ақуызды және ақуыз фракцияларын анықтау сияқты зерттеулердің кең ауқымын орындады. Осы арқылы зертханалық диагностиканың дәлдігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге зор үлес қосты.
2018 жылдан бастап Ольга Викторовна сапаны бақылау бөлімінің бактериологиялық зертханасында жұмыс істейді. Ол бактериологиялық бақылаудың заманауи әдістерін табысты меңгеріп, бүгінде қан компоненттерінің стерильдігін зерттеу, өндірістік ортаның микробиологиялық тазалығын, медицина қызметкерлерінің қолдарының және донорлардың шынтақ иіндерінің өңделу сапасын бақылау жұмыстарын жүргізеді. Оның күнделікті еңбегі қан компоненттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сапаның ең жоғары стандарттарын сақтауға бағытталған.
Кәсіби қызметімен қатар Ольга Викторовна кәсіпорынның қоғамдық өміріне де белсене қатысады. 2006 жылдан бері кәсіподақ комитетінің мүшесі болып табылады. Ол ұжымдық және мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып, қызметкерлер арасындағы бірлік пен өзара қолдау атмосферасын қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Көпжылдық адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін Ольга Викторовна Қан орталығының басшылығы мен Қазақстандық денсаулық сақтау салалық кәсіподағының Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды.
Әріптестері Ольга Викторовнаны жоғары біліктілігі, жауапкершілігі, адамгершілігі және мол тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын тұратыны үшін ерекше бағалайды. Ол бактериологиялық бақылаудың заманауи әдістерін жетік меңгерген, биологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайды және өз мамандығына адалдықтың жарқын үлгісі болып табылады. «Зертханалық диагностика» мамандығы бойынша жоғары біліктілік санатына ие.
Ольга Викторовнаға көпжылдық еңбегі, жоғары кәсібилігі және қан компоненттерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғысымызды білдіреміз! Оған зор денсаулық, амандық және кәсіби қызметінде жаңа жетістіктер тілейміз!


