Ағзалар донорлығы: бұл Қазақстан үшін бүгінгі күні неліктен маңызды?
Қазақстанда мыңдаған адам ағза трансплантациясын күтуде. Олар үшін басты мүмкіндік – қайтыс болғаннан кейінгі донорлық. Соңғы жылдары Қазақстанда трансплантация жүйесін дамыту бағытында елеулі қадамдар жасалуда. Дамыған елдердің басым көпшілігінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлық трансплантация жүйесінің негізі болып табылады.
Ағзаларды трансплантациялау – өміріне қауіп төнген, ауыр халдегі мыңдаған адам үшін жаңа өмірге мүмкіндік беретін жол. Алайда сәтті трансплантацияға апаратын жол операциядан әлдеқайда ерте басталады. Ол адамның қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісім білдіруінен басталады.
Кез келген трансплантация алдында HLA-типтеу жүргізіледі. Бұл – ағзаның сәйкестігін анықтаудың маңызды кезеңі, оның нәтижесіне трансплантаттың қабылдануы мен пациенттің өмірі тікелей байланысты.
Шығыс Қазақстан облысындағы HLA-зертхана – адам қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беру туралы шешім қабылдаудан бастап, қажетті зерттеулер жүргізуге және кейінгі трансплантацияға дейінгі өмірлік маңызы бар үдерістің ажырамас бөлігі.
Қайтыс болғаннан кейінгі бір донор 7 адамға дейінгі адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Бұл – тек медициналық көмек қана емес, сонымен қатар қоғамдағы өзара қолдау мен ынтымақтастықтың көрінісі.
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өлім туралы емес, өмірді жалғастыру, жерлестерімізге көмек көрсету және өңіріміздің денсаулығын нығайтуға нақты үлес қосу туралы.
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімді немесе одан бас тартуды заңнамада белгіленген тәртіппен электрондық үкіметтің eGov.kz порталы арқылы онлайн тіркеуге болады.
Өз таңдауыңыз туралы бүгін ойланыңыз. Бәлкім, бір күні бұл шешім біреудің өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігіне айналар.


