Қауіпсіз және қарапайым тәсілмен қанға мұқтаж науқастың өмірін сақтау!
Қан тапсыру – қанға мұқтаж адамның өмірін сақтап қалудың ең қауіпсіз және қарапайым әдістерінің бірі. Қан-бұл ағзадағы барлық жасушалардың қоректенуі мен метаболизді қамтамасыз ететін сұйықтық. Күн сайын мыңдаған адамдар ауыр жарақаттармен, күйіктермен және акушерлік қан кету тәрізді жағдайлармен ауруханаларға түсіп жатады. Олардың көпшілігіне шұғыл түрде ота жасау қажет болады. Осындай жағдайда донорлық қанның маңызы өте зор.
Қанды фабрикадан немесе зауыттардан алуға болмайды. Қанның жалғыз және таптырмас көзі тек донор болып табылады.
Донорлар-бұл өз еркімен және өтеусіз түрде қан тапсыратын науқастың өмірін құтқаратын, үміт, денсаулық және қуанышты сәттер сыйлайтын жандар.
2024 жылдың 10 шілдесінде ШҚО көпсалалы “Онкология және хирургия орталығы” ШЖҚ КМК-да донор күні өтті. Қанға мұқтаж науқастарға көмек көрсетуге барлық бөлімшелердің медицина қызметкерлері және өзгенің өміріне бей-жай қарамайтын қаламыздың тұрғындары да келді.
Қан және оның компоненттеріне мұқтаж науқастарға көмек көрсеткен барлық донорларға зор алғысымызды білдіреміз.